Бүгін, 29 қазан күні Қазақстанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс салдарынан қаза тапқандарды аза тұту күні жарияланды. Төтенше жағдай салдарынан қаза тапқандар саны 33-ке жетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Кеше, яғни, 28 қазан күні Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған.
"Шахтаға келе салысымен, менің жетекшілігіммен жедел штаб құрылды. Оның құрамына жауапты тұлғалар мен әріптестер кірді. Оқиға орнында 40 құтқарушы, 10 техника мен марқұмдар мен зардап шеккендердің туыстарына көмек көрсетіп жатқан 3 психолог жұмыс істеуде. (8-7172) 49-72-70, (8-7212) 51-72-23 жедел желі телефондары жұмыс істеп тұр", - деп жазды облыс әкімі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Мемлекет басшысы үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Артынша мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орнына барды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Сонымен қатар президент үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Кейін үкімет "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып жатқанын хабарлады. Одан бөлек, оқиға орнына премьер-министр Әлихан Смайылов, Төтенше жағдайлар министрі Серік Шәріпханов барды.
Сондай-ақ Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Осыған дейін жарылыс салдарынан қаза тапқан 33 кеншінің денесі табылды. Өзге кеншілерді іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Тағы да оқыңыздар: https://kaz.nur.kz/society/2042992-bugin-zalpyulttyq-aza-tutu-kuni/